Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрда облыстық филармонияның ұйымдастыруымен Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Парасат» орденінің иегері, күйші-композитор Секен Тұрысбектің шығармашылығына арналған «Ақ жауын» атты концерт өтті.
Секен Тұрысбектің шығармашылығын Сыр елінде насихаттау мақсатында өткен кеш Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылды.
«Көңіл толқыны», «Ақжауын», «Жазғы қар», «Күлтегін», «Көк бөрі» сынды тыңдаушысын тебірентіп, терең ойға жетелейтін күйлердің авторы Секен Тұрысбектің ұлттық музыка өнерінің жанашыры екені белгілі. Ауқымда шараға Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрі қатысып, оркестр дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе болды.
Халықты тек әнге бөлеп қана қоймай, рухани қажетін қамтамасыз еткен концертте белгілі әншілер Ақмарал Ноғайбаева, классикалық өнердің майталманы Самал Байсейтова, Мақсат Мақұлбеков, Гүлназ Нағашыбай өнер көрсетті.
«СЫР БОЙЫ-АҚПАРАТ»
14.03.2020