Дирижер Т.Әбдірашевті еске алу кеші

Қазан айының 25 күні А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Қазақстанның халық артисі, профессор, дирижер Төлепберген Әбдірашевті еске алуға арналған «Әбдірашев әлемі» атты Қызылорда облыстық филармониясы камера оркестрінің концерті өтті.

Музыка сыншылары «тамаша музыкант, әртістік келбеті жарқын, музыканы дәл көрсететін қимыл, ырғақты нақты сезінетін, автор ойын терең түсінуші… Төлепберген Әбдірашев – музыкадағы алып дарын» деп баға берген маэстроның құрметіне арналған классикалық музыка кешіне бірқатар музыка майталмандары қатысты.

Ал, Әбдірашевтай маэстроның дирижерлік өнерін бойына сіңірген төл шәкірті, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының оқытушысы, ұстазының ізімен ҚР мемлекеттік академиялық симфония оркестрі мен Н.Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінде жемісті еңбек етіп жүрген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе кеш қонағы әрі дирижері болды.

Әбдірашев кезінде қазақ композиторлары шығармаларының насихатшысы болған. Соның айғағы ретінде Алматыда жаздырған СD табақшасында тек қазақ шығармалары топтастырылған. Сондай-ақ, Әбдірашев жетекшілігімен оркестр Бүкілодақтық «Мелодия» грамзаписіне жазылды.

Отыз жасында белгілі өнер тұлғасына айналып, әлемге танылған музыкантты еске алуға арналған кештің алғашқы бөлімінде «Қазақстан Камератасы» мемлекеттік классикалық музыка ансамблінің квартет музыканттары өнер көрсетсе, екінші бөлімінде камералық оркестр шығармаларымен жалғасын тапты.

Жиылған жұртшылық бірде нәзік те сыршыл лирикаға елітіп, бірде қарқынды әрі жалынды музыкаға толы шығармалардан шабыттанып отырды. Классика кеші көрерменнің есінде ұзақ қаларлықтай жақсы әсерде өтті.

 

«КӘСІПКЕР ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ» журналы,

№12 (57), желтоқсан, 2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>