ЕРЕКЕҢ ТУРАЛЫ

Еркін Шүкіманов – ерекше әнші. Құдай оған талантты да, дауысты да берген. Басқа әншілерден бір айырмашылығы – консерваториядан бұрын Семейдің педагогика университетін бітірген. Аға буын әншілердің алдын көріп, тәлім-тәрбиесін алып, Алматығы ақыл тоқтатып келді. Бір басында ер жігітке тән қасиеттің бәрі бар, бетке айтар өткірлігі де, аңқаулығы да, аңғалдығы да бар.

Бір күні маған «машинемді ұрлап кетті» деді. «Қойыңызшы, қашан?» десем, «осындай уақытта» дейді.
– Мерседесеңіз бе?
– Иә.
– Ол кімге керек? Мәшине ұрлауға тәуекел етсе, жаңа мәшине ұрламай ма?
– Соны ұрлап кетті ғой.
– Жарайды, қашан болды, қай жерде жоғалды? – деп сұраймын ғой.
– Пәлен жерге қойғанмын, қайта шықсақ, жоқ әкең…
Іздемеген жері жоқ, табылмаған соң РОВД барып, арыз жазған. Кейін өзін шақыртып, тексерген жігіттер Ерекеңді танып, «Аға, сізді жақсы танимыз ғой, көмектесеміз. Бұл машина қазір қалада жоқ. Бір жерде тұр. Мүмкін, бөлшектеп тастаған шығар, бірақ, қала кезіп жүрген мәшине емес. Соңғы рет пәлен қиылыстан өткен. Содан соң еш жерде жоқ. Бір хабар болып жатса, айтамыз» деп шығарып салады. Өзі қаланың шетінде тұрады, «қыстың көзі қырауда» жұмысқа бару қиын. Бір апта өтеді, екі апта өтеді, әлі хабар жоқ.

Әбден күдерін үзген кезде, біреу телефонына хабарласады.
– Алло, Шүкіманов деген сіз бе?
– Иә, мен.
– Осындай мекен-жайда тұрасыз ба? Көлігіңіздің маркасы мынадай ма?
– Иә, иә…
– Ағасы, үш апта болды, біздің автотұрақтың тура алдына қойып кетіпсіз. Машинелердің кіріп-шығуы қиын болып жатыр. Алып кетіңізші мәшинеңізді – депті.

Әлгі кісілер Ерекеңді РОВД арқылы тауып алған екен. Айтқан жерге барса, мәшинесі тұр. Біраз уақыт тұрып қалған, жарты метрдей қар басқан екен. «Ұрылар әкетіп, мініп, алатынын алып, керек болмай қалған соң осы жерге тастап кеткен ғой» деп есігін ашпай ма, сөйтсе, есігі ашық тұр. Кілті де орнында. «Е, мыналар кілтіне дейін қалдырып кетіпті ғой» деп мәз болады. Жан-жағына бажайлап қараса, көлігіне ешкім мінбеген сияқты. Заттары түгел, тиын-тебендері де орнында. Ұрылар мінген болса, оны алар еді. Артына қараса, сөмкесі, қағаздар, бәрі орнында екен. Түк түсінбей, «бұл қалай болды» деп таңырқап, мәшинесін от алдырып, үйіне қайтады. Жолда келе жатып, әдетінше жеңгейге хабарласып, «қақпаны ашып қой» демей ме! Жеңгеміз де түсінбей: «Мәшинеңнің жоғалғанына үш апта болды, қайдағы қақпаны ашқан?» десе, «аш дегесін, ашсаңшы» деп көлігін гүрілдетіп, үйіне кіріп келген ғой.

Оқиға былай болған екен. Достары кафеге шақырған. Кафе екі көшенің ортасында, Ерекең мәшинесімен көшенің оң жағынан тоқтаған да, кафеге кірген. Ал, кафенің екі көшеге де шығатын есігі бар екен. Қайтарда сол жақтағы көшеге шығып кеткен. Ол енді мүлде басқа көше. «Мәшинемді осы жерге қойғанмын» деп, жанындағы жігіттермен сол төңіректен әбден іздеп, таппаған соң, ағамызды достары үйіне жеткізіп салған.

Бір күні Ерекең екеуміз консерваториядан шығып бара жатырмыз. Турникетке басып өтетін «рұқсат карточкасын» жейдесінің қалтасына салып жатыр. «Ереке, мұндай қалтаға салмаңызшы, түсіп қалса жүргеніңіз іздеп, қайта жасатып» десем, «өй, жоғалтпаймын, қалтамда жүреді, уайымдама» деді. «Жоғалады» деймін, «жоғалтпаймын дедім бе, жоғалтпаймын» дейді. «Қайдам, қазір кішкентай карточка тұрмақ, үп-үлкен мәшинесін жоғалтып жатқандар бар дейді, Ереке» десем, «өй, сен де… айтасың-ау» деп күледі. Бұл кісінің күлкісінің өзі күлкілі ғой. Міне, осындай қызықтары көп.

Соңғы кезде Ерекең ән мен әншілік туралы зерттеу жұмысымен тыным таппай жүр. Өнер тарихына терең бойлайтын зерделі кісі. Табысты, абыройлы болсын.

Мүсілім ӘМЗЕ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ҚР мемлекеттік академиялық симфония оркестрінің және Н.Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері

“ӨМІР-АЙ” газеті,
2018 жылдың маусымы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>