Күйші-композитор Секен Тұрысбек ағамызбен 2019 жылдың қара күзінде кездесіп, желтоқсанның басында Н.Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрімен өтетін «Боздақ» шығармашылық концертінің дайындығы барысында етене араласып, жақын таныса түстік.
Бала кезімізден ағамыздың күйлерін беріле тыңдап, біршама еліктеп өскенімізден бөлек, жарыққа шыққан нота кітаптары мен аудиотаспаларын жинай бастадық. Атағы дәуірлеп тұрған шағы, сыртынан көргенімізге көңіліміз тоқ, студент шақта жақындап баруға дәтіміз жетпеді. 2000 жылдары Секен ағамыз «Ақ жауын» оркестрін құрып, Астанаға қоныс аударған. Араға жылдар салып, Астана қаласында ұстазым, дирижер Айтқали Жайымовтың шығармашылығына арналған «Қазақстан» телеарнасы түсірген «Дара жол» хабарына бірге қатыстық. Айтқали аға туралы көсіліп сөйлеген. Бұл 2015 жылы желтоқсан айы болатын, содан бері төрт жыл өтіпті.
Секен ағаның шығармашылығында нендей өзгеріс бар, қандай жаңа күйлер мен әндер жазды екен деп концерт дайындығында партитураларды бар ықыласыммен зерделей бастағам. Дүйім жұртқа әйгілі еткен «Көңіл толқыны» мен «Ақ жауыннан» өзге «Өкініш», «Күлтегін», «Төлегетай», «Ақжүніс», «Боздақ», «Ұлы дала», «Аруана», «Дарабоз», «Көк бөрі», «Мәлгеждар», «Жазғы қар», «Балауса» күйлері, өзі айтқан «Бауырым, сонау күн қайда» зарлы толғауынан соң «Жанымнан тәтті өмір», «Өсиет», «Аяқталады бәрі де…», «Айхай, заман», «Отаным – Қазақстаным», кезінде Мақпал әнші танытқан «Аққу сазы» лирикасынан соң «Тарбағатай», «Көктемім менің, көктемім», «Қоңырқаз», «Асыл ана», «Толғау», «Қарлығашым», «Ерке құсым», «Шағала», «Аяулы арман, дүние», «Қос жұлдызым», «Қоңыр жел» атты әуезді бірнеше жаңа әндер туыпты.
Содан кейін күйшінің танымал тұлға, айтулы күйші, қоғам қайраткері ретіндегі адами болмысы, дүниетанымы мен мінезі, ұстанымы һәм пікірі қандай екендігіне назар аударғам. Әлі күнге дейін жаратылысы түгел қарама-қайшылықтан тұратындай көрінеді. Бір қалыпқа сыймайтын, күтпеген жерден кесек ой толғап, кейде шыңырау тереңнен тартып, кейде зау биікке жеңіл көтеріле алуымен сүйсінтсе, аратұра біз үшін маңызды саналған «уақ-түйек» ол үшін назар аударуға тұрмайтын елеусіз дүниедей көрінді. Қайшылық дегеннен шығады, «Мәлгеждар» күйін дайындағанда ырғақ мәселесінде анықтап алатын сұрақтар кезіккен. Нота жазбасы аздап күмән туғызды, құлақта күйшінің тартуы бар, партитурадан оқып отырғаным мен естуімнің айырмасын көріп отырмыз. «Аға, қалай тартқан дұрыс, сіздің тартқандай болу керек пе әлде қағаздағы ырғақ дұрыс па» деп сұрағанымда, «не сұрайтыны бар, музыкант емессіңдер ме» дегені. Кәсіби музыкантқа маңызды нәрсе болғанымен, өзі үшін «уақ-түйек» қана, осы жауабымен-ақ күйді барынша тұтас қабылдауға, жүрекпен сезінуге, қасаң қалыптан шығандап кең ойлауға меңзегені екен. Егер күйшінің ойындағы музыка талап ететін болса, әдеттегі қалыпты бұзып, тосын да болса жаңа нәрсеге баруға әзір, әуеннің бар бояу байлығын жоғалтпай, ғажайып күйінде тууы үшін көңілі не нәрсені құп көрсе, керегінше түрлі әдіс-тәсілмен ырғақ, қағыс, саусақ басу дәстүрін жаңа саздың жолында ойланбай құрбан етіп, батыл өзгерте алатын суреткерлік болмысты аңдатты.
Күн сайын дайындыққа адымын алшаң басып, бекзат болмысымен көпті ықтыра, оркестрді қақ жарып, бас изеп қана сәлемдесіп, ортаға келеді. Өзіне жарасымды қалың қою шашын сілкіп тастап, паң отырысымен әйгілі Эммануил Романенко жасаған жәдігер домбырасын «бұрауын түсірші» деп концертмейстерге ұсынады. Күйші домбырасының сырын өзі жақсы білсе керек еді, құлақ күйінің де ыңғайын өзінен артық кім білсін, әлде ыңғайына көнбес аспаптан запы болған ба екен? Сөйтсем, сыры мен өнегесі басқада екен, жас күйшілердің айтулы күйшіге інілік қызмет үлгісінің ишарасы, әрі қолға түсе бермейтін құнды аспапты ұстап көріп, «өзі сөйлейтін домбыраны» қалағаныңша шертіп танысуға мүмкіндік бергені екен-ау!.
Аспап демекші, әуелі құпиясы беймәлім сиқырлы шертістің бар сыры осы сары домбырада, кез келген күйшінің қолына түссе, дәл осылай сайрай түсетіндей көрінген. Кезекті дайындықтың бірінде үйіне соғып, домбырасын ала шығуға уақыты болмағанын айтып, әдеппен ғана «бүгінше сіздің домбыраңызды ала тұрсам» деп концертмейстерге өтініш айтқан. Сол репетицияда күнде сол жағымнан анық естіп отыратын, қанша жылдан бері тыңдап жүрген аспаптың үні күрт өзгеріп, өзгеше сөйлегеніне куә болдым. Демек, бар құдірет күйшінің сары домбырасында деген тұжырым қате болғаны ма? Бұл ойыммен күйшінің домбырасының бәсін әсте түсіргім жоқ, керісінше, домбыраны бабымен сөйлете білу күйшіге байланысты екеніне назар аударту еді.
Дайындыққа ерте келеді, әрбір күйді бірнеше рет қайталаймыз, әрбір буыны әр кезде түрлі өзгеріспен неше рет қайталанса да саусағы пернеден еш жаңылған жоқ. Өз күйі деген күннің өзінде, бірен-саран күй емес, тұтас бір концерттің музыкасы, пәнәйі себеппен пенде болып пернені шалыс басып, қағыстан жаңылса-шы… Бейне бір ажал төніп келіп, «бір күй тартып, шер тарқатуға мұрсатың бар, сосын жаныңды аламын» десе, күйші ең соңғы қоштасу күйін қалай тартар еді? Әрбір дыбысын мәпелеп, барынша көңіл бөліп, аялап жеткізер еді… Тоқтаусыз төгілген үзілмейтін әдемі дыбыс, әр шертуі орнында тұрған бекзат қағысқа тояр емеспін. Бар зейініммен саусағына үңілем. Сол қол саусағы, перне басуы, саусақ пен перненің түйісер тұсындағы мамығы дыбысты барынша тербете түсіп, керегінше сығып алып, әбден тозып күлдірегендей көрінеді. Саусағымен пернені қалауынша басады, дыбысын жоғары-төмен, кейде оңға-солға мейлінше тербеп. Шертпе күй мектебінің қалыптасқан перне басу әдісіне дөп келе бермейтін, Секен күйшіге ғана тән жаңа перне басу (аппликатура) үлгісін көріп таң болдым. Неге ескі сүрлеу, қалыпты қисын бойынша пернені баса бермейді деп түрлі әдіспен қайталап көрдім. Соңында Секен күйшінің үлгісіне тоқталам, әбден елеп-екшелген, дыбыс желісін үзбеудің тосын тәсілі екеніне көз жеткен. Басқаша басуға мүлдем келмейді! Зады, перне басу деген іштен төгіліп түсер сұлу әуеннің сырын ашуға қызмет ету керектігін ұғындырды.
Қазақтың қара сөзіне бейжай қарай алмайтынын, әндерінің мәтінінен және күйлерінің атауынан көруге болады. Әндеріне поэзия әлеміндегі айтулы ақындарды таңдап сөз жазғызса, біршама әндерінің сөзін өзі жазған. «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» теріп, «теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы» деген биік талапты ұмытпаған кірпияз күйші. Кейбір күйлерінің атауын ой елегінен қайта өткізіп, мазмұнын ашу үшін уақыт өте басқаша атағаны – сөз өнеріне деген өзгеше көзқарасы. Мысалы, «Шығыс жұлдызы» деген сыршыл күйін «Аруана», көңілдің ойнақы да жеңіл күйін бейнелеген «Балаусаның» тарихын әңгімелегенде «Бесік күйі» деп атауы күйдің образын аша түскен.
Сәті түсіп, араға үш ай салып, аға екеуміз наурыздың ортасында Қызылорда облыстық филармониясының шақыртуымен «Ақ жауын» шығармашылық кешін өткіздік. Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрінің сүйемеліне көңілі толғанын, облыстың айтулы әншілерінің шеберлігіне риза болғанын көрдім, айтқан қолпаш-қошемет сөзін естідім. Сыр жұртшылығының күйшіге деген ықылас-махаббаты – бүкіл қазақ сахарасының күйге деген, сол киелі өнердің иесіне деген шексіз құрметіндей көрінді. Осы сапарда күйшінің ерекше серпілгеніне, Сырдың талғампаз жұрты да сағынышын басып, алақанға салып еркелеткеніне куә болдым.
Әзілге де жүйрік, астарлап сөйлеуге де бейіл, өнер үшін найзағайдай шарт-шұрт ете қалатын шалт мінез, тарих пен әдебиетті жаны сүйетін парасат иесі ойын бүкпесіз жайып салатын, аудиторияны иіріп әкете алатын өнерімен де тәнті етті. Кеш барысында күй мен жырды қатар өріп, қанша рет «бас жаққа барыспайық» дегенмен, қоғамдағы келеңсіз жайттар туралы ойын іркіп қала алмай, айтып тастап отырды. Онысы көптің ойымен дөп түсіп, көңілінен шықты. Желтоқсан оқиғасына арнаған «Боздақ» күйі туралы әңгімелеп отырып, «асылы, боздақтарға ескерткіш деген арнау күймен қойылса керек-ті, көзі тірісінде қойған тас ескерткіш уақыт өте келе күл-парша болып қирауы мүмкін» деген. Бұл сөзі даусыз ақиқат еді!
Өнер өлкесінде Мәлгеждар, Нұрғиса, Төлеген, Асқар, Еркеғали, Ақселеу, Айтқали, Таласбек сынды көптеген өнерпаздан бірге жүріп тәлім алған, күйшілік әлемде соны сүрлеу салған Секен Тұрысбек бүгінде өзі шығарған күйлердің жалғыз шебер орындаушысы болып тұр. Қаншама жасталап күйшіден бастап тәжірибелі төселген шеберлер Секен күйлерін қайталап тартқанмен, көңіл шіркін, тұңғиық түпнұсқа қағысты, ойлы да орнықты дыбысты, меймілдеген мұңды әуенді аңсап тұрады. Өзі жиі айтатын «өлі дыбыс», «дыбысқа жан беру» деген тіркестері атүсті айтыла салған сөз емес, домбырасын алып «көзге шұқып, құлаққа құйып» дегендейін, ұмытылмастай шегелеп тартып, көрсетіп беретінін қайтерсің.
Телерадиохабарлардан бастап, кез келген рухани мазмұны басым қойылымдарды Секен күйлерімен әрлеп ұсынуы да көп нәрсені аңғартады. Авторлық күйлерінен өзге Тәттімбеттің «Сарыжайлауы», Әбікеннің «Қоңыры», халық күйі «Қосбасар», Төлегеннің «Салтанаты» мен Әбдидің «Қосбасарын» тартып күйші-орындаушы ретінде өзгеше қолтаңбасы қалды. Тарихтағы сал-серілер, жыраулар, ақындар іспетті толғау айтқаны (Бауырым, сонау күн қайда) белгілі еді, ал «композитор – орындаушы (әнші, күйші) – сүйемелдеуші – әңгімелеуші» екеніне «Ақжүніс» (2006) аудиожинағындағы домбырамен айтқан «Айхай, заман» мен «Аяулы арман, дүние» атты екі ән куә. Құрылымы жағынан күрделі әндер, әсіресе, «Айхай, заманның» диапазоны екі октава. Қиналмай орындауына қарап, дауысының зор, тембрінің қоюлығы биік нотаны алуға еш кедергі болмағанын байқаймыз әрі бұл әнді өзінен басқа өзге әншілердің бүгінге дейін айтпауы түсінікті бола түседі. Образына байланысты әрбір сөзді нықтап айтып, күйшінің ән сүйемеліндегі өзгеше шеберлікпен салған дыбыс өрнегі, әуен тінін үзбей нәзік жалғауы, форманы бұзып-жармай біртұтас бере білуімен ерекшеленген.
Жас кезінен халықтың шексіз ықыласына бөленген, насихаты да тоқтаусыз жүрген Секен күйшінің шығармашылығы кезеңімен қағазға қатталып, бірнеше жинақ болып жарыққа шыққан. Әндері, күйлері мен толғаулары енген «Көңіл толқыны» тұңғыш жинағы он мың данамен 1994 жылы «Әуен» баспасынан жария көрсе, 2014 жылы шағын ғана «Айхай, заман» жинағы «Сарыарқа» баспасынан шықты. Ал 2010 жылы екі мың данамен «Жазғы қар» атты ән-күйлер, партитуралар, арнаулар, естеліктер мен сұхбаттар жинағы, 2016 жылы бес жүз данамен ән-күйлері, ән клавирі, күй партитуралары, арнау өлеңдер және поэмалармен толықтырып «Тәтті мұң» жинағын «FOLIANT» баспасы басып шығарды. Бұдан өзге ауқымды «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» антологиясына тоқсаныншы жылдары радио архивіне жазған «Ақ жауын», «Көңіл толқыны» және «Өкініш» күйлері енген. Қаншама суретші күйші бейнесін сомдауға тер төгіп уақытын сарп етсе, соншама ақын-жазушы туындыларына Секен шығармашылығын арқау етті. Баспасөз бен медиаәлемде жүздеген сұхбаты мен концерті жазылды. Оған интернет әлеміндегі келешек ұрпақтың қазынасына айналған «Толғау», «Күйші», «Сағыныш сазы» деректі фильмдері, клиптері мен концерт бағдарламасы сияқты құнды дүниелерді қосыңыз… Шеберлігі тасқа қашалған өшпес таңбадай болып тарихта қалатын тұлға!
Табиғат сыйға тартқан сирек дарын иесі, талассыз бақ дарытқан өнерпазы, қазақтың Секендей сүйікті де сырбаз күйшісі барда көне мен бүгіннің арасын берік жалғаған, мәңгі үзілмес күйшілік керуенінің көші көлікті болып, бағытынан еш жаңылмай айбын-салтанатымен ғасырдан-ғасырға шеру тартып аман жете бермек.
Мүсілім Әмзе,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР мемлекеттік академиялық симфония оркестрінің және Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері
«Қазақ әдебиеті» газеті, №32 (3718)
28 тамыз, 2020